«Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI Кодексі (2026.02.03. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) хабарламада, ұсыныста, үн қосуда, сұрау салуда мәселенің мәні баяндалмаса;

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)

4) арыз иесінен хабарды, ұсынысты, үн қосуды немесе сұрау салуды кері қайтарып алу қабылданса, оңайлатылған əкімшілік рəсім тоқтатылуға тиіс.

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімді хабарламаны, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектінің басшысы немесе оның орынбасары қабылдайды.

Осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген мəн-жай болған кезде оңайлатылған əкімшілік рəсімді тоқтату туралы шешімді субъектінің өзге уəкілетті тұлғасы қабылдай алады.

3. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімге осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

 

89-бап. Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қараудың нәтижелері бойынша шешімдердің түрлері

1. Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қарау қорытындылары бойынша мынадай:

1) жауап, оның ішінде хабардың, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың мәні бойынша ақпарат беру;

2) назарға алу;

3) оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірі шығарылады.

2. Хабарға, ұсынысқа, үн қосуға, сұрау салуға жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде мазмұны бойынша негізделген және уәжделген болуға, оның қабылданған шешімге шағым беру құқықтары түсіндіріле отырып, арыз иесінің дәлелдерін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуға тиіс.

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Хабарды, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектілер жəне лауазымды адамдар арыз иесіне əкімшілік істі қараудың нəтижелері мен қабылданған шаралар туралы хабар береді. Бұл ретте, егер ұсыныста осы Кодекстің 90-2-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген мəселелер қозғалса, мұндай ұсынысты қарайтын субъект оған жауап бермей назарға алуы мүмкін. Бұл ретте арыз иесі бұл туралы хабардар етілуге тиіс.

 

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 90-бап жаңа редакцияда (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

90-бап. Жеке тұлғаларды жəне заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органды қоспағанда, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары жəне олардың орынбасарлары жеке тұлғаларды жəне заңды тұлғалардың өкілдерін осы органның, лауазымды адамның құзыретіне кіретін мəселелер бойынша жеке қабылдауды жүргізуге міндетті.

2. Жеке қабылдауды қамтамасыз ету мақсатында осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген органдардың қызметкерлері жолданымның мəнін нақтылау үшін осы Кодексте белгіленген тəртіппен қосымша ақпарат сұратуға құқылы.

Бұл ретте осы əкімшілік əрекет жеке тұлғаларды жəне заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүргізуді жоққа шығармайды.

3. Жеке тұлғаларды жəне заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сəйкес айына бір реттен сиретпей, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тəртіппен жүзеге асырылады.

4. Егер жолданымды лауазымды адам қабылдау кезінде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады жəне онымен жазбаша жолданым ретінде жұмыс жүргізіледі.

 

 

2023.02.10. № 31-VIII ҚР Заңымен 12-1-тараумен толықтырылды (2024 ж. 4 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)

12-1-тарау. Петиция

 

90-1-бап. Жалпы ережелер

2025.30.12. № 246-VIII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді және атқарушы органдар петицияны осы тарауда белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодексте белгіленген тәртіппен қарайды.

2. Осы тараудың мақсаты үшін арыз иесі деп петицияны берген Қазақстан Республикасының азаматы түсініледі.

 

90-2-бап. Петицияны беру тәртібі

1. Арыз иесі петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындайтын интернет-ресурс (бұдан әрі - интернет-ресурс) арқылы не мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жазбаша арыз түрінде интернет-ресурста орналастыру үшін береді.

2. Петицияда:

1) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, электрондық мекенжайы;

2025.30.12. № 246-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) петиция берілетін орталық мемлекеттік органның, жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы органның атауы;

3) арыз иесі өкілінің тиісті өкілеттіктерін растайтын құжаттың көшірмесі (егер петицияны оның өкілі берсе);

2025.30.12. № 246-VIII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4) петицияның мазмұны мен нысанасы, сондай-ақ петицияның нысанасы бойынша дәлелдер мен ұсыныстар көрсетіледі.

Қажет болғанда арыз иесі немесе оның өкілі растайтын құжаттарды және (немесе) өзге де материалдарды петицияға қоса береді.

2025.30.12. № 246-VIII ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Мыналар:

1) адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға алып келуі мүмкін;

2) конституциялық құрылысқа, қоғамдық тəртіпке, денсаулыққа жəне қоғамдық имандылыққа қол сұғатын, жеке жəне заңды тұлғалардың абыройы мен қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, ұлтаралық жəне конфессияаралық келісімді бұзатын мəселелер, сондай-ақ адамдарға рақымшылық жəне кешірім жасау;

3) Қазақстан Республикасының тəуелсіз мемлекет ретіндегі мəртебесін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын, Республика Президенті жеті жыл мерзімге сайланады жəне бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды деген ережелерді, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген нормаларды өзгерту жəне оны өзгерту мəселелері;

4) Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық құрылысы мен Мемлекеттік шекарасы нормаларымен регламенттелген;

5) жедел-іздестіру жəне құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын анықтау жəне тергеу органдарының, соттардың өкілеттіктеріне кіретін мəселелер;

6) прокуратура органдары жүзеге асыратын заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау;

7) сыртқы барлау, қарсы барлау қызметі, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзету іс-шараларын жүргізу мəселелері;

8) Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару, қылмыстық-процестік, азаматтық процестік, əкімшілік рəсімдік-процестік заңнамасын жəне Қазақстан Республикасының əкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасын, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын іске асыруға қатысты мəселелер;

9) соғысты, зорлық-зомбылықты, қатыгездікті, нəсілдік, діни араздықты қоздыруды, экстремизмді, сепаратизмді жəне басқа да дұшпандық əрекеттерді насихаттауды, есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестерді, сондай-ақ прекурсорларды таратудың жəне танымал етудің кез келген нысандарын қоса алғанда, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік жəне қоғамдық тəртіпті сақтау;

10) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау;

11) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау жəне сайлау, лауазымынан босату мəселелері;

12) Қазақстан Республикасының сайлау, республикалық референдум жəне саяси партиялар туралы, Қазақстан Республикасының Парламенті жəне оның депутаттарының мəртебесі туралы заңнамасымен реттелетін мəселелер;

13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рəміздері;

14) мемлекеттік тілдің мəртебесі;

15) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құзыретін, өкілеттіктерін, функциялары мен міндеттерін өзгерту, сондай-ақ оларды құру, тарату жəне қайта ұйымдастыру мəселелері;

16) төтенше жағдай жəне (немесе) төтенше ахуал режимдерінің қолданылуы шеңберінде қабылданған шешімдердің күшін жою жəне оларды өзгерту туралы мəселелер петицияның нысанасы бола алмайды.

4. Петицияны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастыру үшін петиция мынадай шарттарға сәйкес келуге тиіс:

2025.30.12. № 246-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уəкілетті орган айқындаған нысан бойынша жəне тəртіппен электрондық нысанда жəне (немесе) жазбаша түрде жиырма жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының петицияға қосылуы;

2) петицияның осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде белгіленген талаптарға сәйкес келуі;

2025.30.12. № 246-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) петицияны берген кезде интернет-ресурста жария қолжетімділікте дəл сондай нысанадағы жəне ол бойынша құзыретті мемлекеттік органның шешімі қабылданып, қабылданған кезінен бастап бір жылдық кезең өтпеген петицияның болмауы.

2025.30.12. № 246-VIII ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уəкілетті орган Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматы петицияға қосылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде немесе петиция жобасы жасалған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде оның осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сəйкестігін тексеруді жүзеге асырады.

Петицияның осы тарауда көрсетілген шарттарға сəйкестігін анықтау қажет болған кезде мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уəкілетті орган уəкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберуге құқылы.

6. Петиция осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келмеген жағдайда мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган себептерін негіздей отырып, петицияны қабылдамайды, бұл жөнінде арыз иесін немесе оның өкілін электрондық нысанда және (немесе) жазбаша түрде хабардар етеді.

7. Петиция осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияға Қазақстан Республикасы азаматтарының қосыла бастауы үшін оны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырады, бұл жөнінде арыз иесі немесе оның өкілі электрондық нысанда және (немесе) жазбаша түрде хабардар етіледі.

2024.01.07. № 107-VIII ҚР Заңымен 8-бөлік өзгертілді (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

8. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ақпараттық хаттар жіберу арқылы масс-медиа саласындағы уәкілетті органда есепке қойылған бұқаралық ақпарат құралдарына петицияға қосылудың басталғаны туралы хабарлайды.

 

90-3-бап. Петицияға қосылу

1. Қазақстан Республикасының азаматтары петицияға қосылуды интернет-ресурста мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе жазбаша түрде куәландыра отырып жүзеге асырады.

Петицияға қосылу Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес берілетін дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімін берген жағдайда жүзеге асырылады.

2. Петиция интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырылған кезден бастап алты ай ішінде петицияға қосылуға болады.

3. Қазақстан Республикасы азаматының петицияға қосылу және (немесе) интернет-ресурста еркін қолжетімді түрде комментарий орналастыру арқылы оған қатысты өз көзқарасын білдіруге құқығы бар.

4. Қосылудың қорытындысы бойынша:

Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде елу мың даусына;

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санында Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде екі пайыз даусына;

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санында Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде бір пайыз даусына;

қалалық, аудандық жергілікті өкілді органдардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халық саны елу мыңнан асқанда - Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде бес мың даусына, қалғандары үшін - халық санының кемінде он пайызына;

аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының, республикалық маңызы бар қалалардағы (астанадағы) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардағы аудандардың әкімдері аппараттарының, аудандық маңызы бар қалалардағы, ауылдардағы, кенттердегі, ауылдық округтердегі әкімдер аппараттарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халық саны елу мыңнан асқанда - Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде екі мың бес жүз даусына, қалғандары үшін - халық санының кемінде бес пайызына ие болған петиция қолдау тапқан болып есептеледі.

5. Осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шекті мәнге жетпеген петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петиция интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырылған кезден бастап алты ай өткен соң арыз иесіне қайтарады.

Мұндай петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы органға жібереді және ол осы Кодексте белгіленген тәртіппен хабар, үн қосу немесе ұсыныс ретінде қаралады.

 

90-4-бап. Петицияларды қабылдау, тіркеу және есепке алу

1. Осы Кодекстің 90-3-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген шекті мәнге жеткен кезде мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган өз өкілеттіктеріне петицияны қарау кіретін мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органдарға петицияны жібереді, бұл жөнінде арыз иесі электрондық нысанда хабардар етіледі және ол туралы ақпарат петицияны жіберу туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде интернет-ресурста орналастырылады.

2. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен берілген петиция міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.

Петицияны қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

3. Петицияларды тіркеу, есепке алу мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

90-5-бап. Петицияны қарау тәртібі мен мерзімі

1. Петицияны қарау мерзімі:

1) петицияны орталық мемлекеттік орган тіркеген күннен бастап қырық жұмыс күнінен аспайды;

2) петицияны жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы орган тіркеген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайды.

2. Петицияны қарау кезінде орталық мемлекеттік орган:

1) петицияда жазылған фактілерді тексеру талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, сол жерге баруды жүзеге асыруға;

2) шешімнің жобасын жария талқылауды өткізу басталғанға дейін үш жұмыс күні қалғанда арыз иесін не оның өкілін және мүдделі тұлғаларды шақырып және өткізілетін күні мен орны туралы интернет-ресурстар арқылы, сондай-ақ электрондық немесе қағаз нысанда міндетті түрде хабардар ете отырып, оны өткізуге;

3) құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін, Қазақстан Республикасы Парламентінің және (немесе) мәслихаттың депутаттарын, арыз иесін немесе оның өкілін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді қоса отырып, жеке комиссияны немесе жұмыс тобын құруға;

4) петицияға қатысты келіп түскен комментарийлерді, сондай-ақ петицияның нысанасы бойынша экономикалық, әлеуметтік, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты талдауға;

5) халықаралық тәжірибені зерделеуге және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуге (егер петицияның нысанасы Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді талап ететін болса) міндетті.

Петицияны қарау кезінде жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы органдар:

1) петицияда жазылған фактілерді тексеру талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, сол жерге баруды жүзеге асыруға;

2) шешімнің жобасын жария талқылауды өткізу басталғанға дейін үш жұмыс күні қалғанда арыз иесін не оның өкілін және мүдделі тұлғаларды шақырып және өткізілетін күні мен орны туралы интернет-ресурс арқылы, сондай-ақ электрондық немесе қағаз нысанда міндетті түрде хабардар ете отырып, оны өткізуге;

3) құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін, Қазақстан Республикасы Парламентінің және (немесе) мәслихаттың депутаттарын, арыз иесін немесе оның өкілін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді қоса отырып, уақытша комиссияны немесе жұмыс тобын құруға міндетті.

 

90-6-бап. Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданатын шешімдер

1. Петицияны қарау нәтижелері бойынша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергілікті өкілді органның төрағасы:

1) петицияны толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;

2) петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

2. Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес ресімделеді.

Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік тілде немесе петиция тілінде, мазмұны жағынан негізделген және уәжделген болуға, арыз иесінің немесе оның өкілінің және петицияға қосылған Қазақстан Республикасы азаматтарының қабылданған шешімге шағым жасау құқықтары түсіндіріле отырып, олардың дәлелдерін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуға тиіс.

3. Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім интернет-ресурста шешім шығарылған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде орналастырылады.

Петицияны қарау нәтижелері бойынша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергілікті өкілді органның төрағасы ресми түрде хабарлама жасауға міндетті.

 

 

13-тарау. ШАҒЫМ ЖАСАУ ТӘРТІБІ. ШАҒЫМ БЕРУ

 

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 91-бап өзгертілді (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

91-бап. Шағым жасау тәртібі

1. Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.

Осы Кодексте көзделген жағдайларда әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.

2. Егер әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодексте белгіленген мерзімдерде әкімшілік актіні қабылдамаса, әкімшілік әрекет жасамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік актіні қабылдаудан, әкімшілік әрекет жасаудан бас тартты деп есептеледі.

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Шағымды әкімшілік тәртіппен (сотқа дейінгі) қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам (бұдан әрі - шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, Қазақстан Республикасының Үкіметін қоспағанда, әкімшілік орган, лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдарды қарауға уәкілеттік берілген өзге де әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодекстің мақсаттары үшін шағымды қарайтын орган деп танылады.

Ескертпе. Осы бөліктің екінші абзацының күші мемлекеттік органның, мемлекеттік заңды тұлғаның басқа мемлекеттік органның, мемлекеттік заңды тұлғаның шешіміне жасаған шағымына қолданылмайды.

4. Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.

Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

Бұл ретте әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 4-1-бөлікпен толықтырылды (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)

4-1. Осы баптың төртінші бөлігінің ережелері мемлекеттік органның, мемлекеттік заңды тұлғаның басқа мемлекеттік органның, мемлекеттік заңды тұлғаның шешіміне жасаған шағымына қолданылады.

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 4-2-бөлікпен толықтырылды (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)

4-2. Мемлекеттік органның, мемлекеттік заңды тұлғаның басқа мемлекеттік органның, мемлекеттік заңды тұлғаның шешіміне жасаған шағымын қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда арыз иесі мұндай бас тартуға осы бапта, Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентінде белгіленген тəртіппен шағым жасауға құқылы. Бұл ретте осы норма Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін мемлекеттік органдарға қатысты берілген шағымға қолданылмайды.

2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2023 ж. 8 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі. Егер заңда жоғары тұрған органға шағым жасау қажеттілігінсіз сотқа жүгіну мүмкіндігі көзделген жағдайда, әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылатын әкімшілік орган, лауазымды адам сотқа пікірмен қатар жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының, лауазымды адамының уәжді ұстанымын ұсынады.

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6. Жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам болмаған жағдайда, әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) сотқа шағым жасалуы мүмкін, бұл туралы әкімшілік іс бойынша шешім қабылдау кезінде әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган әкімшілік рәсімге қатысушыға хабар береді.

Ескертпе. Осы бөліктің күші мемлекеттік органның, мемлекеттік заңды тұлғаның басқа мемлекеттік органның, мемлекеттік заңды тұлғаның шешіміне жасаған шағымына қолданылмайды.

2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 7-бөлік өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Шағымдарды прокуратура органдарының қарауы «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген негіздерде, шектерде және тәртіппен жүзеге асырылады.

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен ескертпемен толықтырылды (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)

Ескертпе. Осы Кодекстің 3-бөлімінің 13, 14, 15-тарауларының мақсаттарында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалы əкімшілік актісіне, əкімшілік əрекетіне (əрекетсіздігіне) əкімшілік (сотқа дейінгі) тəртіппен шағым жасалуы мүмкін əкімшілік органға теңестіріледі.

 

92-бап. Шағым беру мерзімі

1. Әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актіні қабылдау немесе әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірмей әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.